08.12.2017, 2:04 214 "Астана" Еуропа лигасының плей-офф кезеңіне шықты

Прагада "Славия" мен "Астана" футбол командалары арасында өткен матчта елорданың клубы жеңіске жетіп, Еуропа лигасының 1/16 финалына шықты. 

Еліміздің тарихында Еуропа лигасының плей-офф кезеңіне шыққан тұңғыш клуб "Астананы" құттықтауымызға рұқсат етіңіздер. Жерлестеріміз "А" тобында 10 ұпай жинап,  "Славияны" басып озып 2-ші орынға көтерілді. Бұл астаналықтар үшін Еуро маусым әлі аяқталған жоқ деген сөз.

Ойын турасында не айтуға болады? Алғашқы таймда қос ұжым да тең дәрежеде ойын көрсетті. Мұны статистика көрсеткіштерінен оңай байқауға болады. Бастапқы 15 минутта алаң иелері допқа көбірек иелік етіп, бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырғанымен, "Славия" ойыншыларына дәлдік жетіспеді. Ал, біздің команда өз кезегінде қақпаға тура бағытталған екі соққының біреуін голға айналдырып, есепте алға шықты. Гол авторы - Марин Аничич. Оң қапталдан айып алаңына асырылған пас кезінде "Славия" қақпашысының кателігін Марин тиімді пайдаланып, бос қақпаға допты сырғыта салған еді.

Ал, ойынның екінші кезеңінде "Славия" ойын тізгінін өз қолына алды. Чех командасы есепті қысқартуға барынша тырысып бақты. Алайда, олар шабуыл кезінде майда-шүйде қателіктерге жиі бой алдырып, дегендеріне жете алмады. Қаншама бұрыштама добын далаға кетірді. Тегіс команда болып шабуылдаған оларға "Астана" қорғаныста шебер ойнады. Ары қарай таблодағы есеп өзгермеді. Сөйтіп, Аничичтің соққан жалғыз голы "Астананы" Еуропа Лигасының 1/16 финалына шығарды.

Енді бас қала командасының плей-оффтағы қарсыласы 11 желтоқсан күні Ньон қаласында өтетін жеребе тарту рәсімінде белгілі болады.

Мұхтар Жәмішжанов

  • Поделиться с друзьями:

Комментарии (0)