22.10.2017, 18:27 Чемпиондық атағын қорғап қала алмады

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жанат Жақиянов чемпиондық титулы тігілген текетіресте жеңіліс тапты.  

Отандасымыз жеңіл салмақта WBA (Super) нұсқасы бойынша чемпиондық атағын қорғап қала алмады. Солтүстік Ирландия астанасы Белфастта өткен бокс кешінің басты хедлайнерлері 12 раунд бойы жұдырықтасты. Шаршы алаңның арғы жағына жайғасқан төрешілердің шешімі Райан Барнеттің пайдасына шығарылды. Нәтижесі мынандай: американдық қазы В.Дорсетт 118-110, оның отандасы К.Сукре 119-109, ал канадалық П.Прокопио 116-112 деп бағалаған екен.

Үш төреші де бірауыздан Райан Барнетті жеңімпаз деп таныды. Мұнысы қызық екен. Кешегі қым-қиғаш айқаста Жақияновты андердогтың рөлін атқарды деп айтуға ауыз бармайды. Ұрысты біздің ноян жап-жақсы-ақ бастаған. Алғашқы раундтарда қарсыласын аңдып, әккі жансыздай бақылайтыны бар. Кеше де сөйтті. Ширақ қимылдап, бірнеше сәтті соққыларды да бағыттап үлгерген болатын. Тек 4-5 кезеңнен бастап қарсыласының екпіні күшейіп, кейбір тұста басым түсіп жатты. Кейінірек қос боксшы бірнеше соққы алмасып, тең ойын көрсете бастады. Қысқасы, қазылардың қойған бағасы жекпе-жек картинасына сай емес десек те болады. Тым құрығанда ұпай сандарын шындыққа жанастырса болмас па еді? Жә, жә, жарар. «Шымшық сойса да қасапшы сойсын» дегенді алға тартып, бокс сарапшысы Табиғат Абаилдаевтан арнайы пікір алған едім.

 

 

«Жекпе-жек тартысты өтті. Дегенмен, таза соққылар көп болды деп айта алмаймын. Барнетт лас әрекеттерге көп барды. Тең дәрежеде өткен шайқаста бірінші нөмірмен бокстасқан боксшы жеңу керек еді. Ол - Жақиянов. Алайда, төрешілер басқаша шешім қабылдады. Бәлкім, олардың арасында Аделайда Бердтің туысы бар болар. Өз басым Жанатқа ризамын. Тек алдыға жүрді. Қысым көрсетті. Ал, Барнетт соншалықты мықтылық таныта алмады»,- дейді сарапшы өз сөзінде.

 

                                                                       

Барнетке туған жерінде тауы мен тасына шейін болысатыны бесенеден белгілі еді. Біз Жанаттың тезірек қалыпқа келіп, қарымта кездесуде кеткен есені қайтаруына тілектеспіз.  

  • Жанат Жақиянов WBA (Super) нұсқасы бойынша чемпиондық атағын  америкалық Роуши Уорренді жеңіп иеленген еді.
  • Райан Барнетт кәсіпқой боксқа 2013 жылы келген.

Сурет: REUTERS

REUTERS/Clodagh Kilcoyne
Подробнее: https://tengrinews.kz/boxing/jakiyanov-proigral-barnettu-i-lishilsya-titula-WBA-329221/
Любое использование материалов допускается только при наличии гиперссылки на Tengrinews.kz
REUTERS/Clodagh Kilcoyne
Подробнее: https://tengrinews.kz/boxing/jakiyanov-proigral-barnettu-i-lishilsya-titula-WBA-329221/
Любое использование материалов допускается только при наличии гиперссылки на Tengrinews.kz

Мұхтар Жәмішжанов


  • Поделиться с друзьями:

Комментарии (0)