24.10.2017, 15:48 Why always he? Криштиану Роналду 2017 жылдың үздік ойыншысы атанды

23 қазан күні тұманды Альбион төрінде көптен күткен 2016-2017 жылғы футбол маусымының қорытындысы шықты. Әлем көз тіккен шара нәтижесінде ағымдағы жылдың үздіктері анықталды. Дауыс беру науқаны құрамалардың бас бапкерлері, капитандары және жанкүйерлер мен журналистер арасында жүргізілді. Сонымен, нәтиже төмендегідей:

"Жылдың үздік ойыншысы" атағы үшін таласта 43,16% көрсеткішпен  Криштиану Роналду бас жүлдені иеленсе, 19,25% -бен Аргентина үздігі Месси күмісті қанағат тұтты. Ал, үздік үштікті қорытындылап тұрған Бразилия құрамасының сұрмергені Неймар 6,97% дауыс жинады. Дәл осы Роналду өткен жыл қорытындысы бойынша да "Атлетико"ойыншысы Антуан Гризман мен Лионель Мессидің алдын орап кеткен еді. Жалпы, португалиялық үшін 2017 жыл сәтті өтті деуге толық негіз бар. Тура осы атаққа қыздар футболынан "Барселона" командасының жартылай қорғаушысы 25 жасар Лике Мартенс лайық деп танылды. 

Ал, "Жылдың ең үздік бапкері" болып "Реал Мадрид" клубының жаттықтырушысы Зинедин Зидан мойындалды. Сондай-ақ, үздік үштікте қос италияндық Антонио Конте мен Массимилиано Аллегри де бар. Сондай-ақ, өз категориясы бойынша Нильс Нильсон мен Жерар Прешерді басып озған Сарина Вигман "Қыздар футболындағы ең үздік бапкер" атағын жеңіп алды. 

"Биылғы жылдың үздік қақпашысы" атанған Джанлуиджи Буффон марапаттау сәтінде көз жасына ерік берді. Себебі, 40 жасында төрт жыл қатарынан аталмыш титулдың иегері болған Мануэль Нойердің орнын басу оңай шаруа емес.  

Лондондық "Арсеналдың" шабуылшысы Оливье Жиру  "Ференц Пушкаш" жүлдесінің иегері атанды. Бұл марапат Англия чемпионатында "Кристал Паласқа" қарсы ойында соғылған тамаша голдың нәтижесінде беріліп отыр. 

"Селтик" жанкүйерлері ең үздік қолдаушы атағына лайық деп танылды. Олар өз кезегінде "Боррусия" мен "Копенгаген" жанкүйерлерін артта қалдырды. Марапатты "Анжи", "Барселонаның" бұрынғы ойыншысы Самуэль Это'О табыстады.

"Fair Play Award FIFA жүлдесі" адам өміріне араша болғаны үшін Франсис Конеге берілді. Естеріңізде болса, футболшы жыл басында болған ойында "Богемианс 1905" құрамасының қақпашысы Мартин Берковтің өмірін сақтап қалған еді.

Ендеше, жүлдегерлерді құттықтаймыз және келесі маусымда жаңа есімдерді күтетін боламыз!

Сурет: xsport.ua

Құндыз Мәжитова

  • Достармен бөлісу:

Пікірлер (0)