12.12.2017, 18:41 556 Вильям Карвалью мен Желсон Мартинш "Астанаға" қарсы неге ойнамайды?

Ақпан айының бел ортасында «Астана» мен «Спортинг» командалары УЕФА Еуропа лигасының 1/16 финалы аясында өзара кім мықтыны анықтайтын болады. Аталған матчқа Лиссабон командасынан Вильям Карвалью мен Желсон Мартинш клуб ауыстыру себебіне байланысты қатыспауы мүмкін.


«Спортингтың» капитаны және Португалия құрамасының ойыншысы Вильям Карвалью өзіне көптеген беделді командалардың назарын аудартқанын жақсы білесіздер. Команданың басты дирижеріне айналған ол Еуро-2016 турнирінде жасындай жарқылдап, топ-клубқа ауысуға дайын екенін тағы бір дәлелдеп берген еді. Бұған дейін оған «Манчестер Юнайтед», «Милан», «Валенсия» және олардан бөлек тағы да бірнеше атақты клубтар көз тіккен еді. Алайда, айтылған клубтар ең соңғы сәтте таңдауды басқа ойыншылардың пайдасына жасады. Моуриньо өзінің бұрынғы ойыншысы Неманья Матичты Карвальюдан жоғары бағаласа, «Милан» басшылығы ивуарлық Франк Кессидің кандидатурасын қолдады.

Қазір «Спортингтың» жартылай қорғаушысы «Ливерпуль» командасының шорт-тізіміне енді. Ағылшын клубы Вильям үшін 40 миллион еуро жұмсамақшы екен. Бұл туралы Sky Sports арнасы хабарлайды.   

Юрген Клопп өз тактикасына сай ойыншыны тапты десек те болады. Неміс бапкеріне қазір ұзын бойлы, ірі денелі жартылай қорғаушы ауадай қажет. Өйткені, «Ливерпульдің» жартылай қорғанысындағы ойыншылар қорғаныстан гөрі шабуылда оңды қимылдайды. Екі шепте байланыс болмағандықтан көп гол жіберіп алады. Бұл проблеманың шешімі – Вильям Карвалью. Бұл біздің емес, «Ливерпуль» басшылығының ойы.

Жасы 25-тен асқан ол алып клубқа ауысып, өзінің кім екенін көрсететін уақыт таяды. Оған қоса, АПЛ-дағы 2-3 есе жоғары жалақы мөлшері де оның команда ауыстыруына себеп бола алады. Юргендей бапкермен бірге жұмыс істеу мүмкіндігі туып тұрғанын да ұмыт қалдыруға болмайды.

Сонымен, аталған факторлар 2016 жылғы Еуропа чемпионы Вильям Карвалью қысқы трансферлік маусымда «Спортингтен» кетеді деп айтуға негіз қалдырып отыр. Бұл болжам дәл келсе, «Астанаға» қарсы Карвалью шықпайды.

Ақпандағы кездесуге Желсон Мартинштың да қатыспауы мүмкін. 22 жастағы «Спортингтің» вингеріне «Тоттенхэм», «Бавария», «Милан» командалары қызығушылық танытып жатыр. Осы маусымның 23 ойынында 6 гол, 6 голдық  пас шығарған Желсонның статистикалық көрсеткіштері жаман емес. Алайда, қай команданың сапына ауысады деп болжам жасау өте қиын. Неге десеңіз, кел келген ұжымға жап-жас, шапшаң, техникалық шеберлігі жоғары ойыншы артық етпейді.

Мартинш Вильям Карвалью сықылды «Спортингтің» түлегі де емес. Оны бұл клубта ештеңе де ұстап тұрған жоқ. Осы жазда басқа командаға бағасы тым қымбат болғандықтан ауыса алмай қалғанын еске салғым келеді. Бұл жолы ол клубқа ультиматум қойды. Демек, өзге командалар оны өз қатарларына оңай қосып ала алады. Тек бағасын келістірсе болғаны.

Бұл теория расқа айналса, «Астананың» Еуропа лигасындағы жүгі сәл жеңілдейді ме, кім білсін? 

Мұхтар Жәмішжанов

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал