20.10.2017, 22:11 Теннисшілердің ойын барысында неге айқайлайтыны белгілі болды

Қыздар арасындағы теннис матчын тамашалаған кезде, ракеткамен соққы жасар сәтте спортшылардың өткір дауыспен айқайлап назар аудартатын байқаған боларсыз.

Бұл өткір дауыс кейбіреулердің шамына тиуі мүмкін. Ал, біреулерге тіптен бәрібір. Теннисші қыздардар  өздеріне айтылған сындарға  қарамастан неліктен бұл әдеттен жаңылмайды? Осы сұрақтың жауабын біз тауып көреміз. 

Бір жағынан, бұл олардың еркінен тыс болып жатады. Теннисті ерлерге қарағанда баяу ойнайтын қыздардың соққысы әрдайым демді сыртқа шығарар тұста орындалады. Бұл соққыға көбірек күш салуға көмектеседі. Соққы неғұрлым күштірек болса, соғұрлым демді сыртқа көбірек  шығаруға тура келеді. Бұл жағдайда өткір дауысты айқай - қатты демнің нәтижесі.

Ал, кейбір теннисші қыздар дауыстың шамадан тыс қатты шығуы – бала кезден қалыптасқан әдет екенін атап өтеді. Өкінішке қарай, есейе келе бұл әдеттен арылу қиынға соғады. Тіптен мүмкін емес. Кейбір жаттықтырушылар өз шәкірттеріне демді шығарар тұста дауысты шығара айқайлап допты ұруға кеңес береді.  Бұл теннисшінің өз-өзіне сенімділігін арттырып, соққысының күштірек жасалуын қамтамасыз етеді.

Алайда, бұлардан бөлек теннисшілердің өткір дауыспен елдің назарын өздеріне аудартуының тағы бір үлкен себебі бар. Ол – тактика. Теннисте ең маңыздысы  соққының орындалу сәті емес пе? Қарсыластар көз алдында болып жатқан ойынды ғана емес, ракеткадан шыққалы тұрған соққы дыбысын да  назарда ұстайды. Соққы жасар сәтте теннисші өткір дауыспен айқайлау арқылы қарсыласын жаңылдырып, басым түсіп жатады. 

Соңғы теорияны америкалық зерттеушілер тексеріп көруді шешкен. Екі топтың студенттеріне  теннисшілердің айқайлай отыра соққы жасаған матчтары мен керісінше өткір дауыссыз теннис матчтарын көрсеткен. Содан соң, теннис добының бағытын қандай жағдайда тезірек анықауға болатынын сұраған.  Нәтижесінде, әр соққыға шулап реакция көрсеткен студенттер тобы доптың бағытын анықтауда көбірек қате жіберген. Өйткені, қатты айқайлаған дауыс олардың көңілін бөлген. Сондықтан зеушілердің ойынша ойын барысында өткір дауыспен айқайлап соққы жасау қыздарға үлкен артықшылық беретін көрінеді.

Ал, сіз теннисші қыздар арасында ең өткір дауыстың иесін білесіз бе?  Ол  -  Мариа Шарапова. Ғалымдар талай мәрте Шарапованың дауыс өткірлігін өлшеп көруге тырысқан. Өлшегіштер 103-105 децибел аралығын көрсеткен.  Халықаралық теннис федерациясының өкілдері теннисшінің матчтар барысында «шектен тыс айқайына» тыйым салу жағын да қарастырған. Алайда, ол іс жүзінде спортшыға бөгет бола алған жоқ.

 

Айдана Алдоңғарова 

  • Достармен бөлісу:

Пікірлер (0)