20.10.2017, 14:13 Станимир Стоилов: «Астана» өз алаңында ешқашан нашар ойнаған емес»

«Астана» командасының бас бапкері Станимир Стоилов «Маккаби Тель-Авив» командасын ірі есеппен жеңгеннен кейін матч туралы өз ойымен бөлісті.

-Ең алдымен клубты және барлық ойыншыларды осы Еуро маусымдағы алғашқы жеңіспен құттықтаймын! Ойынның басынан бастап алаңда жігіттер қарқындарына қарқын қосып, «Астананың» қалай ойнау керектігін көрсетті, -деп ағынан жарылды болгариялық маман.

-Станимир мырза, екі аптадан соң «Маккабимен» енді сырт алаңда кездесетін боламыз. Команда сол ойында да осындай жетістікке жете алады ма?

- Ол ойынға дейін әлі уақыт бар. Енді назарымызды ел біріншілігіне бұратын боламыз. Екі күннен соң Шымкентке аттанамыз. Бірақ, ол ойынға тек жастарды алып барамақпын. Өйткені, бір құраммен ойнап алысқа шаппасымыз анық. Ротация керек. Сосын өз алаңымыздағы үш ойында бар күшімізді салып чемпиондықтың тағдырын шешуіміз керек.

- «Астана» тізгінін ұстағаныңызға да 4 жыл болыпты. Бұл жеңістің орны сіз үшін қаншалықты маңызды?

- «Астана» өз алаңында ешқашан нашар ойнаған емес. Бұдан да қиын, бірақ біздің пайдамызға шешілген ойындар болғанын ескеруіміз керек. Егер топтық кезеңде осындай азулы командаға қарсы доп жібермей, төрт гол соқсақ, бүгінгі ойынның клуб тарихында ойып тұрып орын алары сөзсіз дер едім.

- Осы ойынан кейін топтан шығу мүмкіндігіміз қаншалықты артты деп ойлайсыз?

-Әзірге анығын айту қиын. Бірақ, мүмкіндік қай кезде де болады. Менің ойымша, шешуші ойын Прагада өтеді.  

-Бірінші айналымдағы «Ордабасыдан» Шымкенттегі жеңіліс үшін қарымта қайтару туралы ойланбайсыз ба?

- Жоқ. Мен өз ойыншыларымның денаулығын тәуекелге тікпеймін. Себебі, әр үш күнде алаңға шығу оларды қатты қажытатыны түсінікті. Біраз тынығып, бар күшті өз алаңымыздағы ойындарға салатын боламыз.

- Кеше «Астана» «Маккаби» сынды мықты командаға қарсы ойында әлі фаворит емес» деген едіңіз.  Бүгінгі нәтиже осы сөздеріңізді теріске шығара ала ма?

-Бүгін қарсылас өз мүмкіндігін толық көрсете алмады деп ойлаймын. Оған басты себепкер де – «Астана». Өйткені, біз оларға ойын басынан бері жоғары қысым жасап, қақпа маңына жуытпауға тырыстық. Бұндай деңгейде мықты ұжымға қарсы ойнап, төрт доп соғу деген тек «Астана» ғана көрсететін нәтиже шығар. Бұл біздің дәл қазіргі ең жоғарғы деңгейіміз.

- Сіз бүгінгі  ойын «Астананың» максимум көрсеткіші деп ойлайсыз ба?

-Әрине, жоқ. Біз бұдан да жақсы ойнай аламыз. Ол үшін ойыншылардің арасында бәсекелестік жоғары болуы қажет. Сосын ойыншыларымның жарақаттарының аз болғанын қалар едім.

-Бүгін қай шептің ойынын ерекше атар едіңіз? Қорғаныс па, әлде шабуыл ма?

-Аталған екі шепті де бөліп жарғым келмейді. Шабуылдың өзі қорғаныстан басталады дегендей. Сондықтан екеуі де жарады.  

 

Шамкен Байырбек

  • Достармен бөлісу:

Пікірлер (0)