17.01.2018, 15:53 499 Путинцеваның келесі қарсыласы жайлы не білеміз?

Ертең Мельбрунде Аустралия ашық чемпионатының аясында жерлесіміз Юлия Путинцева румыниялық теннисші Ана Богданмен кездеседі. Ана Богдан деген кім? Қазақстанның бірінші ракеткасы келесі айналымға өте ала ма? Бұл сұрақтардың жауабын бізден табасыздар. 

Мэйджор турнирінде бақ сынайтын спортшылардың әрқайсысы да қол алысып, естелік суретке түсуге тұратындай-ақ. Ал, Үлкен дулыға турнирінің бірнеше дүркін жеңімпазы, ӘТА (Әйелдер теннис ассоциациясы) рейтингінде 11-ші орынға орныққан Кристина Младеновичты жеңген ойыншының жөні мүлде бөлек. Ол кім? Ол - Юлияның аталған турнирдегі кезекті қарсыласы Ана Богдан. Иә, тіпті, "Еуроспорттың" комментаторы да Богданның техникасына таң болып, румыниялық теннисшіден жеңісті мүлде күтпегенін жеткізген еді. Екі сетте де Кристинадан басым түсіп, өзінің кім екенін көрсеткен Ана біздің отандасымыз үшін азулы қарсылас болатыны сөзсіз. 

Осыдан 2 күн бұрын біреу сізден Путинцеваға қарсы румыниялықтың келесі айналымға өту мүмкіндігін сұрай қалса, не дер едіңіз? Сіз де, біз де бірауыздан Ананы қолына шабаданын ұстатып, үйіне қайтарып жіберетін едік қой. Шынымен де, атақты Младеновичты жеңбей тұрып, Богдан батырды екінің бірі біле бермейтін. ӘТА үздіктер тізімінде 105-ші орында тұрған теннисші рейтингтің матч барысында түк шешпейтіндігін дәлелдеді. Шапшаң қимылдап, доптың бағытын дәл бағамдайтын Ана оңай шағылатын жаңғақ емес. 

Путинцева келесі айналымға өте ала ма? Турасын айтатын болсақ, қос спортшының да мүмкіндігі бірдей-ақ. Кесіп айту қиын. Британияның екінші ракеткасынан айласын асырған Юлия да жарап тұр. Дегенмен, біздің қызға шапшаңдық жетіспей жатады. Осы мәселені басты назарға алса, алдағы нәтижелері жаман болмайды деп сенеміз.

Екі мықтының ойынын ертең таңғы 7.30-да көре аласыздар.

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал