09.01.2018, 18:49 134 Плей-оффтың ауылы алыстады немесе ұйқыдағы «Барыс» тағы жеңілді

Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) кезекті ойынын Астананың «Барысы» Хабаровкіде «Амур» командасымен өткізіп, 1:3 есебімен ұтылып қалды.

Бұл кездесу плей-офф бәсекесінен үмітті қос команда үшін де маңызды болатын. Шығыс конференциясында «Амур» 69 ұпаймен тоғызыншы орында тұрса, оныншы сатыдағы «Барыстың» одан алты ұпайы кем-ді. Сондықтан матчтың тартысты өтуі заңды еді.

Бірінші кезең айдын иелерінің басымдылығымен өткенімен, есеп ашылмады. Бұл аралықта 5-минутқа таман Роман Савченко мен «Амурдан» Вячеслав Ушенин шекісіп қалып, бес минутқа қуылғаннан басқа айтарлықтай «қызық» бола қойған жоқ.

«Барыстың» қақпашысы Сергей Кудряевцев ойынның екінші бөлігінде бірнеше қауіпті соққыны қайтара білді. Әйтсе де «Аңдыған жау алмай қоймайды», дегендей, Линден Вей айдыннан қуылғаннан кейін 31-минутта Ян Коларж ақыры есеп ашты.  

Үшінші кезеңде «Амурдан» Богдан Потехин тәртіп бұзып, айдыннан қуылған сәтте оны «Барыстың» қорғаушысы Кевин Даллман пайдалана біліп, 42-минутта таразы басын теңестірді. Алайда іле-шала ұшқыр шабуылдан кейін қақпа алдында жалғыз қалған Александр Горшков мергендік танытты. «Барыс» бейнеқайталауға жүгініп көргенмен, одан ештеңе шықпады.

Оған қоса қақпашы мен қорғаушының қателігінен кейін Георгий Бердюков есепті 3:1-ге жеткізді. Осылайша, айдын иелері екі минутқа жетпейтін уақыт ішінде қос голды соғып үлгерді. Бұдан кейін «Барыстың» капитаны Найджел Доустың жүйкесі сыр беріп, Иван Беляковпен жұдырықтасып қалды. Сосын дөрекілік көрсеткен Даррен Диц айдыннан қуылған кезде «Амурдың» қателігінен кейін Константин Пушкарев өз мүмкіндігін мүлт жіберді.

Сөйтіп мұның алдында 17 ойынның 15-інде жеңіліс тапқан  астаналықтар тағы да ұтылып қалды. Бұл жаңа жылдың алғашқы күні қызметінен кеткен бұрынғы бас бапкер Евгений Корешковтың уақытша орнын басқан Ғалым Мәмбетәлиевтің екінші кездесуі еді.

Айта кетейік, елордалықтар келесі ойынын 11 қаңтар күні Владивостокта Шығыс конференциясында 12-орында келе жатқан «Адмирал» командасымен өткізеді.

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал