11.01.2018, 22:17 138 «Ордабасыға» жаңа бапкер келді

Шымкенттің  «Ордабасы» командасы Түркиядағы оқу-жаттығу жиынын бастады. Бүгін ресми түрде команданың бас бапкері футболшыларға таныстырылды.

Команданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, бас бапкерлікке  Болгария азаматы Георги Дерменджиев келді.  63 жастағы бұл бапкер бұған дейін  «Лудогорец» командасын баптап, Болгарияның үш дүркін чемпионы атанған. Сонымен қатар командасын УЕФА чемпиондар лигасының топтық кезеңіне 2 рет алып шыққан. «Лудогорец» сапында болгариялық футболшылармен қатар бразилиялық легионерлерді жеңіске жетелегені белгілі. Өте тәжірибелі маман жаттығу басталмай тұрып футболшылармен танысып, жиналыс өткізді.

«Ең бастысы, жаттығуда шын ниетпен еңбек етіп, тер төгіп, тәртіп сақтасаңыздар. Шыңдалыңыздар.  Бапкерлердің талабын орындасаңыздар чемпионат пен Еуропа лигасында биік мақсат қойып, белестерді бағындырамыз», - деді Георги Дерменджиев.

Айта кетейік, өткен жылы өз жанкүйерлеріне қола медаль сыйлаған «Ордабасы» командасының ойыншылары төрт айлап еңбек ақыларын ала  алмай,  басқа клубтарға кетіп қалған болатын. Енді премьерлиганың барлық командасы жаттығуларын бастағанмен «Ордабасы» енді ғана команда болып жиналып жаттығуға ден қойды. Алдағы кезде командада футболшылардан кімдер кетіп, кімдер қалатыны оқу-жаттығу жиынында белгілі болмақ.

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал