30.10.2017, 11:41 "Ниетім тек чемпион атану"

WBC International алтын белбеуінің иегері, отандасымыз Бекман Сойлыбаев Фернандо Варгасты жеңгеннен соң Астанада БАҚ өкілдеріне арнап баспасөз-мәслихатын өткізді. Арнаулы жиында кәсіпқой боксшымызға көкейде жүрген сұрақтарымызды қоюдың сәтін тапқан едік.              

            

Бекман, алдымен сұхбатымызды сіздің соңғы кездесуіңізден бастасақ. Қарсыласыңыз Фернандо Варгастың әлеуеті қалай екен. Алдыңғы қарсыластарыңызға қарағанда ұқсастығы мен айырмашылығы қандай?

- Әрбір қарсылас әртүрлі жұдырықтасады. Мысалы, сіз айтқан Фернандо Варгас өте тәжірибелі әрі аяқпен жылдам қимылдайтын боксшы. Сондықтан үнемі ара қашықтықты сақтап отырдым. Белсенді қимылдап, қарсыласыма оң қолмен тура соққы бағыттауды доғарған жоқпын. Соңында өзім күткен жеңіске де қол жеткіздім.

- Ал келесі жекпе-жегің қашан өтуі мүмкін?

- Бұл сұраққа дәл қазір жауап бере алмаймын. Неге десеңіз, әр қарсыласыңды жеңген сайын жаңа бір деңгейге көтерілгеніңді сезесің. Яғни, келесі қарсыласым да әлеуеті жағынан болсын, шеберлігі жағынан болсын әлдеқайда жоғары болуы бек мүмкін. Алайда, мен кез келген қарсыласқа дайынмын. Өкінішке қарай, көптеген мықты боксшылар кездесуге келісім бере бермейді. Алда не боларын келесі жылдың еншісіне қалдырайын.

- Менеджеріңіз Сэм Катковски соңғы кездесуден соң: «Егер Бекман WBC International атағын тағы сәтті қорғап шығар болса, өз салмағындағы ТОП-3 боксшының қатарына кіреді», -деп  сенім білдірген екен. Ал сіз қалай ойлайсыз?

- Әрине, рейтингте Сэм айтқан сатыға көтерілу үшін жоғары деңгейлі былғары қолғап шеберлерімен кездесуім керек екені даусыз. Ең алдымен, мен осы WBC тұжырымы бойынша алтын белбеуді еншілесем деймін. Ал содан соң барып өзге тұжырымдарға қарай өтуді де ойластыра жатармын.

- Қазір сіз 59 келіге дейін, яғни  екінші жеңіл салмақта жұдырықтасасыз. Кездесуге дейін қанша килограмм шығасыз? Алдағы уақытта жоғары салмаққа ауысу ойыңызда жоқ па?

- Өз басым кәдуілгі уақытта 60 килограмдай шығамын. Ал жекпе-жек жақындағанда лимитке тез келіп үлгеремін. Салмақ қосуды әлі күнге дейін ойлаған емеспін.

- Осы екінші жеңіл салмақта  WBC чемпионы мексикалық Мигель Берчельт екен. Рейтингте одан кейінгі орында Орландо Салидо, Джонни Гонзалес, Мигель Роман сынды тағы бес бірдей мексикалық орналасқан. Түптеп келгенде, мексикалықтардың WBC тұжырымына көптен топтасуының сыры неде?

- Меніңше, себебі біреу-ақ. WBC - мексиканың өз алтын белбеуі. Бүкіләлемдік бокс кеңесінің штаб-пәтері де Мексикада орналасқан. Осы себептен аталған тұжырым мексика халқының, боксшыларының арасында зор танымалдыққа ие.

- Жоғарыда аты аталған мексикалықтардан бөлек, Василий Ломаченко, Хесрил Корралес сынды боксшылар бар. Қайсысын өзіңе қиын, қауіпті қарылас деп есептейсің?

- Бұл жерде қарсыластың ешқайсысы осал болмайды. Әбден шеберліктері шыңдалып, тәжірибелері толысқан нояндар. Егер осылардың біреуімен кездесер болсам, менің қалай дайындалатыным маңызды болмақ. Сол үшін тек өз дайындығыңды ойлап, қарсыласты да өзің секілді қабылдағаның жөн.  

-Ал өзіңді солардың арасына кіріп, бәсекелестік таныта аламын деп есептейсің бе?

- «Шешінген судан тайынбас» демей ме. Ниетім тек чемпион атану болғасын барлық жағдайға дайынмын.  

Шамкен Байырбек

  • Достармен бөлісу:

Пікірлер (0)