08.12.2017, 18:30 257 "Негізі құрамды тек өз отандастарымыздан жасақтауға әлі ерте"

«Астана» велокомандасының спорт директоры Дмитрий Седун жаңа құрамның таныстырылымы аясындағы мерекелік іс-шарада бірнеше сауалымызға жауап берді. 

- Дмитрий, команда сапындағы жас шабандоздар  Жандос Байжігітов, Бақтияр Қожатаев, Никита Стальнов, Артем Захаров жайында айтып өтсеңіз.  

- Сіз айтқан шабандоздар өздерінің шын мәнінде өте дарынды екендіктерін үлкен турларда да көрсетіп үлгерді. Мысалы, Жандос өте позитивті, болашағынан үлкен үміт күттіретін спортшы. Джиродағы жарыстың таулы мекендерінде физикалық тұрғыдан мығым екендігін байқадық. Ал, Артемді біз тәжірибе жинасын деген мақсатта құрамға қосып отырмыз. Никита Стальновтың да шама-шарқын осы маусым барысында жіті бақылайтын боламыз. Өйткені, жастарымыздың арасынан Александр Винокуров сынды шабандоздарды шығару - команданың алға қойған басты мақсаттарының бірі.                 

- «Астана» жейдесінде жарыс жолына шығып жүрген отандастарымыздың қатары артып келеді. Бұны қалай түсіндіресіз?

 - Осы орайда айта кеткім келетіні, бізге негізі құрамды тек өз отандастарымыздан жасақтауға әлі ерте. Ондай процесс көп тындырымды жұмыс пен ұзақ уақытты қажет етеді. Командада соңғы 5-6 жылмен салыстырғанда әлдеқайда алға жылжу бар. Алайда, қазір ондай асығыс қадамға барудың керегі жоқ. Мен клуб сапында өзге ұлт өкілдерінің өнер көрсеткені дұрыс деп есептеймін. Тәжірибелі легионерлердің көмегі жастарымызға да, командаға да өз септігін тигізері сөзсіз.  

- Сіз осыған дейін өткен команданың қай таныстырылымын ерекше атап өтер едіңіз?

- Иә, біздің осындай атаулы іс-шараларды өткізуде тәжірибеміз  жеткілікті. Өз басым жыл сайын біздің таныстырылымдар жоғары деңгейде өтіп келеді деп есептеймін. Әсіресе, Испания мен Монакодағы шаралар осының анық көрсеткіші дер едім. Шынымды айтайын, Астанада өткізген іс-шараларымыздың шоқтығы биік. Неге десеңіз, біз командаға жаңа қосылған спортшыларға Астананың бар кереметін танытамыз.

- Алдағы маусымға деген жоспарлар төңірегінде айтып өтсеңіз...

- Дәл қазір ол туралы толық ақпарат бере алмаймын. Себебі, біз әлі белгілі бір мақсатқа жетеміз деп меже белгілегеніміз жоқ. Тек алдағы турларға қатысатын шабандоздарды анықтап, әр сайысқа бөліп қойдық. Нақты жоспарды біз оқу-жаттығу жиындарынан кейін қоятын боламыз. Ең алдымен,  жаттықтырушылар, менеджерлер қосынын шабандоздарымыздың қаншалықты бабында екендіктеріне көз жеткізгендері дұрыс болмақ.  

Шамкен Байырбек

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал

Пікірлер (0)