16.10.2017, 15:44 Найджел Доус - ҚХЛ тарихындағы үшінші шабуылшы

Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) кезекті туры аясында Астананың «Барыс» клубы сырт алаңда Минскінің «Динамосынан» хоккей «лотареясы» булитте 2:3 есебімен ұтылып қалды. Бұл Евгений Корешков шәкірттерінің осы маусымдағы 7 жеңілісі болатын.

Ал, бізді қызықтырған  дерек деп сол ойында «Барыс» сұрмергені Найджел Доустың команда сапындағы өзінің 200 шайбасын соққандығы. Демек, аталған көрсеткішпен қазақстандық имек ағаш шебері;

- ҚХЛ тарихында Сергей Мозякин (352 гол) мен Данис Зариповтан (254 гол) кейін аталған көрсеткішке қол жеткізген үшінші шабуылшы;

- Құрлықтық хоккей лигасында 200 гол соққан бірінші - легионер.

- Құрлықтық хоккей лигасында Найджел 200 голдық межені ең қысқа уақытта бағындырған екінші хоккейші. Неге десеңіз, 200 рет шайба соғу үшін көш басындағы Мозякинге 338 ойын қажет болған. Ал 2 орындағы Данис Зарипов үшін 512 ойында мұз айдынға шығып, 200 голын тойлаудың сәті түскен болса, «Барыс» шабуылшысы 386 кездесуде 200 шайбасын қарсылас қақпасына тоғытқан.

Ойын соңындағы сұқбатында экс-канадалық: «Менің осы айтулы сәтке жетуіме өзімнен гөрі әріптестерім көп еңбек сіңірді. Олардың қатарында менімен бір бестікте ойнаған Дастин Бойд пен Брэндон Боченскиді ерекше атап өткім келеді. Бірақ олар клуб ауыстырғандықтан қазір маған шайба жеткізуден жалықпайтын Линден Вей мен Мэтт Фрэттиннің еңбектері зор. Расында, егер әріптестерім болмаса мен бұл көрсеткішке жете алмайтыным анық еді»-, деп хоккейдің қашанда командалық ойын екенін тағы бір мәрте дәлелдей түскен екен.

Шамкен Байырбек

  • Достармен бөлісу:

Пікірлер (0)