25.10.2017, 21:49 Мінсіз қазақстандық футболшы. Ол кім?

Кез келген футболшының тек өзіне ғана тән қасиеті болатынын білесіздер. Біреуі шапсаң болса, ал енді біреуі керемет техника иесі. Мен осы турасында терең ойға көмілдім, толғандым. Ой-қиялына ерік бердім. Қазақстандық футболшылардың жеке атрибуттарын теріп, мінсіз аяқдоп шеберін жасап көрдім.  


Көшбасшы – Самат Смақов

Ұлттық құрамада ең көп ойын өткізген Смақовтың лидерлік қасиетін мойындаған спорт сүйермендері аз емес. Алаңда ғана емес, оның сыртында да әріптестерін үйіре білген Сәкеңнің бойындағы көшбасшылық қасиеттері көзге ұрып тұрады. Оның тұсында қаншама бапкер ауысты, қаншама заман озды, бірақ Смақов өзі доп тепкен жердің барлығында капитан болып қала берді. Өз міндетін абыроймен атқарып, ел есінде «мәңгі капитан» болып қалды.

Физика – Исламбек Қуат

Жауырыны жерге тимеген қазақ бүгінде 90 минут футболға шыдас бермейді. Ойынның бел ортасында тілдері салақтап, матчты жалғастырудан қалады. Соңғы минуттарда голды көп өткізетініміз айтқан сөзіме дәлел болмай ма? Алайда, «Қайрат» футбол клубының жартылай қорғаушысы Исламбек Қуатты ол ойыншылардың қатарынан көре алмайсыз. Қашан қарасаңыз, доптың соңынан қуады да жүреді. Оған қоса позициясынан адасқан командаластарының қателігін жуып-шаяды. Қорғаныс пен шабуылға бірдей көмек көрсетеді. Физикалық күш-қуаты тасыған Қуат сықылды ойыншыларымыз көп болса екен деп тілейміз.

Интеллектуал – Бауыржан Исламхан

24 жасар Жамбыл футболының түлегі Исламхан алаңдағы ойынды тез оқиды, іркілмейді. Жылдам шешім қабылдайды. Аяғына доп тисе қарсылас команданың бірнеше футболшысы қоршап алады. Неге десеңіз, ешкімнің миына қонбайтын құйтұрқы пас шығару ол үшін түк те емес. Кейде жалғыз өзі ойынның тағдырын шешіп жатады. Бірер жылдай бұрын дәл осы Баториды Испания футболының бойтұмары Андрес Иньестаның эквиваленті дегендер де болды. Екі дүркін Еуропа және әлем чемпионына жету қайда дейтін шығарсыздар, бәлкім. Әйтсе де, Бауыржанның ерекше қабілетімен біраз жетістікке жетуге болады. Тек жалқаулық баспаса болғаны.

Желаяқ – Ұлан Қонысбаев

2014 жылы Ұлан «Ордабасы» командасына қарсы ойында желмен жарысқандай әсер қалдырды бәрімізге. Ол ойынды әлі ұмыта қойған жоқпыз. Бұрын-соңды қазақстандық аяқдопшылардан мұндай жылдамдықты байқамаған біз біраз таңырқап қалдық. Таза, жинақы жүгіре білетін Қонысбаевтың осы жылдамдығы «Шахтерді» чемпиондыққа әкелді десек те болады.

Техника – Жамбыл Көкеев

Жамбыл Көкеевтің ойынын аңсап, оны сағынып жүргендер аз емес. Солардың қатарында өзім де бармын. Тұманды Альбионда есімін таблоға жаздыртқан сайыпқыранның техникасы сұмдық еді ғой. Алдына келгеннің барлығын алдап өтіп, отандық футболға авантюраны алып келген де осы жігіт. Зиданның финты мен «эластиконы» емін-еркін орындап, стадионға жиналған жұртты тегіс орнынан тұрғызған Көкеевтің бұд тізімге енуі ешқандай дау тудырмауы керек деп білемін.

Баспен ойнау – Бауыржан Тұрысбек

Әлем чемпионатының алдындағы іріктеу кезеңінің соңғы ойындарында мергендігімен көзге түскен Тұрысбекке де біздің тізімнен орын табылды. Негізі баспен ойнай білетін ойыншыларымыз аз емес. Алайда, олар айып алаңындағы позицияны оңды таңдай біле ме? Ал, Бауыржан біледі. Оның голдарының басым бөлігі бастың көмегімен салынғандығын айта кеткім келеді. Румыния мен Армения құрамаларына қарсы өткен ойында 2 голды да баспен соққаны әсте кездейсоқтық емес. 

Мұхтар Жәмішжанов

  • Достармен бөлісу:

Пікірлер (0)