03.11.2017, 10:35 «Қысқы олимпиадаға - 100 күн»

Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтетін XXIII қысқы олимпиада ойындарына тура 100 тәулік қалды. Осы атаулы күнге орай Ұлттық Олимпиада Комитеті мен Астана қаласы әкімдігі бірлесіп «Алау» мұз сарайында танымал спортшылармен бірге спортсүйер қауымның қатысуымен үлкен шара өткізді. 

Елдос Сметов, Серік Сәпиев, Бақтияр Артаев, Данияр Елеусінов, Василий Левит, Арман Шылманов пен Гузель Манюрова сынды жазғы олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлері эстафета кезегін қысқы құрамамыздың өкілдеріне табыс ету үшін кешке арнайы келген болатын.  

Салтанатты іс-шараның басында Оңтүстік Корея республикасының Қазақстандағы елшісі Ким Дэсик мырза сөз алып, төрт жылдықтың басты додасына қалай дайындалып жатқандары  туралы біздің жанкүйерлерге айтып берді.

«Құрметті қазақстандықтар! Сіздермен бүгін қысқы олимпиада ойындарының басталуына 100 күн қалуына байланысты өткізіліп жатқан іс-шарамен құттықтаймын! Дәл бүгінгідей іс-шара Оңтүстік  Кореяда да ұйымдастырылды. Себебі, Афинадан бастау алған олимпиада алауы елімізге сәтті жеткізіліп отыр. Енді біздің еліміз 1988 жылғы Олимпиада ойындары мен 2002 жылғы футболдан өткен  Әлем чемпионатында жиған мол тәжірибесіне сүйеніп, бұл ойындарды әлем халықтарының  достығын паш ететін ауқымды фестивальге айналдыруға тырысатын болады», -дейді елші мырза.  

Сөз соңында  Ким Дэсик өзі елшілік қызмет атқаратын Қазақ елінің де қысқы ойындар бойынша үлкен державаға айналып келе жатқанын  баса айтып, біздің спортшыларға сәттілік тіледі.

Ары қарай іс-шара жаппай сырғанауға келген қала тұрғындары үшін ұйымдастырылған түрлі спорттық ойындармен өз жалғасын тапты.

Естеріңізге сала кетейік, 2018 жылғы қысқы олимпиада ойындары Оңтүстік Кореяның Пхенчан қаласында ақпанның 9-25 аралығында өтетін болады.

Шамкен Байырбек 

  • Достармен бөлісу:

Пікірлер (0)