11.01.2018, 21:50 185 «Барыс» жеңілістен көз ашпай келеді

Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) өнер көрсететін Астананың «Барысы» жеңілістен көз аша алар емес.

Бұл жолғы кездесуін Ғалым Мәмбетәлиев уақытша жаттықтырып жүрген астаналықтар Владивостокта өткізді. Олар Шығыс конференциясында 12-орында келе жатқан «Адмирал» командасымен кездесіп, 1:3 есебімен есе жіберді. «Адмиралдан» Артем Земченок, Максим Казаков, Андрей Алексеев көзге түссе, оған «Барыстан» Антон Сагадеев бір ғана голмен жауап қайырды.

Осылайша, елордалықтар соңғы 19 ойынның 17-сінде жеңіліс тапты. Сегіз матч қатарынан ұтылып отырған «Барыс» плей-офф бәсекесінен біржола үмітін үзді деп айтуға болады. Қалған алты ойында астаналықтар мұндай «қарқынымен» ұпай алады деп айту қиын.

Айта кетейік, Шығыс конференциясында бұрынғыша 63 ұпаймен оныншы орында келе жатқан «Барыс» келесі бәсекесін 16 қаңтар күні Тольяттиде көш соңындағы «Лада» командасымен өткізеді.

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал