11.01.2018, 23:21 116 Қазақстандық теннисшілер Аустралия чемпионатындағы қарсыластарын білді

15-28 қаңтар аралығында өтетін Австралияның ашық чемпионатына қатысатын қазақстандық теннисшілердің қарсыластары белгілі болды.

Әйелдер арасында Қазақстанның бірінші, әлемнің 50-інші ракеткасы Юлия Путинцева алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингте 74-інші орында тұрған Ұлыбритания елінің өкілі Хитер Уотсонмен күш сынасады. Ал әлемнің 60-ыншы ракеткасы Зарина Диясқа мықтылау қарсылас түсті. Ол бірінші айналымда рейтингте 37-інші сатыда тұрған румыниялық Сорана Кырстямен шеберлік байқасады. Биыл 28-ге толатын Сорана - тәжірибелі спортшы. Кімнің күшті екендігін, әрине, корт көрсетеді, ол рейтингке де қарамайды. Мысалы, осы Австралиядағы Хобарт турнирінде С.Кырстя 8 қаңтар күні рейтингте өзінен әлдеқайда төмен тұрған Х.Уотсоннан жеңіліп қалған болатын. Ал Х.Уотсон осы жарыстың жартылай финалына шығып отыр.

Ерлер арасындағы Австралия чемпионатында Қазақстанның жалғыз үміті, әлемнің 68-інші ракеткасы Михаил Кукушкин бірінші бәсекесін әлемдік рейтингте өзінен үш саты жоғары тұрған германиялық Петер Гоевчикпен өткізеді.

Еске сала кетейік, тағы бір қазақстандық теннисші Александр Бублик бүгін іріктеу жарысында жеңіліс тауып, негізгі турнирге өте алмады. 

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал