05.11.2017, 20:18 «Астана»- төрт дүркін ел чемпионы!

Ел біріншілігінің соңғы XXIII тур ойындары өтті. Жуырда ғана Израильдің «Маккабиін» сырт алаңда да жеңген «Астана» өз алаңында Оралдың «Ақжайығын» қабылдады.

Бұл ойында жеңіс алаң иелеріне ауадай қажет болатын. Себебі, осы ойындағы үш ұпай Стойлов командасына қатарынан төртінші чемпиондықты алып келетін еді.

Төреші ысқырығы шалынысымен «Астана» бар бақытын қонақтар қақпасының алдынан іздеумен болды. Алайда, бірінші таймда есеп ашылмады. Ал ойынның екінші бөлігінде гол соқпаса, істің насырға шауып кететінін білген алаң иелері 50-ші минутта Кабананганың көмегімен есеп ашты. Нәтижелі соққыдан соң да елордалық ұжым шабуылдағы қарқынын бәсеңдетпеді. Ойынды өз бақылауында ұстаған «Астана» төреші қосқан төртінші минутта қарымта шабуылдан Кабананга дубль жасап, чемпионаттағы 19 голын соқты.

Естеріңізге сала кетейік, аталған нәтижемен «Астана» қазақ футболы тарихында қатарынан төрт дүркін чемпион атанған бірінші клуб атанып отыр.

Негізгі құрам ойыншылары:

Астана: Эрич, Шомко, Аничич, Постников, Шитов, Граховац (Бейсебеков 70.) , Маевский (Логвиненко 78.) , Мужиков, Твумаси, Муртазаев (Томасов 71), Кабананга.

Ақжайық: Котляр, Говедарица, Коронель, Йович, Одибе (Сапанов 54), Дурович, Главина (Аяғанов 69.), Шабаев, Заречный, Ерсалімов, Зулфикаиров (Тапалов 89).

Голдар: Кабананга(дубль) 50,  90+4 минуттарда.

 Шамкен Байырбек

 

 

  • Достармен бөлісу:

Пікірлер (0)