12.01.2018, 17:46 37 Арыстанбек Мұхамедиұлы қазақтың тұңғыш Олимпиада чемпионымен кездесті

Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы КСРО баскетболының жарық жұлдызы, қазақтың тұңғыш Олимпиада чемпионы Әлжан Жармұхамедовпен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Кезекті рет атажұртқа келіп отырмын. Бүгін министрмен жақсы кездесу өтті және спортқа қатысты өзара пікір алмастық. Осы сәтті пайдалана отырып, қазақ спортына сәттілік тілеймін. Жастары биік шыңдарды бағындырып, Қазақстанның мәртебесін көтере берсін», - деп тілеген білдірді ардагер баскетболшы.

Сонымен қатар Әлжан Жармұхамедов кеше Астанада 1972 жылғы Олимпиада кезінде КСРО баскетболшыларының жеңісіне арналған «Движение вверх» атты фильмнің көрсетіліміне қатысқанын еске салып өтті.

«Бұл фильм 1972 жылы Мюнхенде тарихи финалдық матчке арналған.  Сол кезде КСРО спортшыларының құрамында мен де болған едім. Фильмді тамашалау барысында көрермендер тарапынан үлкен қызығушылық болғанын байқадым. Залға келген әрбір көрермен менімен амандасып, фотосуретке түсуге тырысты. Осындай жылы шырай танытқан қандастарыма алғысымды айтқым келеді», - дейді КСРО баскетболының жарық жұлдызы.

Оның айтуынша, оның екі ұлы да спорт институтын тәмамдаған. Осы уақытқа дейін үлкен ұлы олимпиада резервінің балалар спорт мектебінде қызмет еткен. Қазіргі кезде ол толықтай кәсіпкерлікке бетбұрыс жасаған екен. Ал екінші ұлы «Химки» баскетбол клубында жастар командасын жаттықтырып жүр.

«Зейнеткерлікке шыққанмен, үйде отыра алмадым. Өмір бойы қозғалыста болған адам ретінде спорттан алыстау маған өте ауыр тиді. Сондықтан ертеде менің балаларым оқыған мектептен алыс емес жерде жеткіншектерді баскетбол ойнауға баулыдым. Қазіргі кезде де сонда қызмет етіп жүрмін. Мен бүгін ауа райына қарап, алаңдап отырмын. Себебі ертең сағат 11:45-те өтетін жаттығуға үлгеруім керек», - дейді Әлжан Мүсірбекұлы.

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал

Пікірлер (0)