16.04.2018, 20:54 83 Арбадағы спорттық биден үржарлықтар 17 медаль жеңіп алды

Астанада 14-15 сәуірде мүмкіндігі шектеулі жандар арасында арбадағы спорттық биден «ASTANA DANCE FEST» халықаралық би байқауы өткен болатын. Аталған өнер додасына Үржар ауданынан қатысқан бишілер 17 медаль жеңіп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Үржар мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемесінен Бағлан Манабаев, Әлібек Төлегенов, Алексей Журавлев және олардың жұптары, «Шабыт» би ұжымының бишілері - Дарья Мирных, Алена мен Анастасия Кривохижиналар қатысып, 8 алтын, 4 күміс, 5 қола медальға ие болды, «Турнирге еліміздің өңірлері мен қалаларынан, сондай-ақ, Ресей мен Қырғызстаннан 60 биші келіп, жалпы 11 команда қатысты. «Баласы атқа шапса, әкесі үйде тақымын қысады» демекші, жарысқа шақыру алғаннан кейін бүкіл мекеме болып осы балаларды үлкен сапарға дайындадық. Байқау тартысты өтті. Біздің балалар дес бермеді. Бұл - балдырғандарды би өнеріне баулыған ұстаз, жоғарғы санатты хореограф Наталья Анистратованың өлшеусіз еңбегінің жемісі», - дейді топ жетекшісі, Үржар мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекеме директорының әлеуметтік жұмыстар жөніндегі орынбасары Рысхан Жанкүшікова.
Үміткерлер халықаралық біліктілік талаптарына сай combi/duo-standart, latina, freestyle аталымдары бойынша бақ сынасқан.
Байқауда Алексей Журавлев жеке билеу мен Single Freestyle аталымында екі бірдей алтын жүлдеге ие болса, Бағлан Манабаев пен Әлібек Төлегенов күміс медальдарды еншіледі.
Бағлан мен Дарья сombi/duo-standart аталымында күміс медаль, ал latina аталымында қола жүлдеге ие болды. Сондай-ақ, осы сombi/duo-standart аталымында Әлібек пен Анастасия үшінші орынды алды. Ал, Бағлан Single Freestyle номинациясында үшінші орыннан көрінді. Ал шағын топтар арасында freestyle аталымында үржарлықтар алтын медальға ие болып, жеңімпаз атанды. Нәтижесінде үржарлықтар 8 алтын, 4 күміс, 5 қола медаль еншіледі.
Айта кетейік, осыған дейін де үржарлықтар Санкт-Петербург қаласында өткен «Құрлықтар кубогы» турнирінде алтын мен қола жүлде еншілеген болатын.

 

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал