29.10.2017, 0:47 Америка қолқа салды

Биыл ел күнтізбесіндегі ең маңызды шара болған ЭКСПО көрмесі аясында ұлттық ойынымыз көкпардан I Әлем чемпионаты өтті. Бұл халқымыз үшін мәртебелі бастама. Себебі, осынау додаға Ресей, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Моңғолия, Түркия, Венгрия,  Ауғанстан, тіпті кәрі құрлық АҚШ-тан да шабандоздар ат терлетіп келді. Барлығы 12 елден 200 спортшы қатысты. Бұл көрсеткіш ұлттық ойынымыздың көрші мемлекеттерде мойындалып жатқанын көрсетеді. Оның тағы бір дәлелі ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығына Қазақстандағы АҚШ елшілігінен келген ұсыныс-хат.  Шетелдік делегация Америкада командалық көкпарды дамыту үшін қазақстандық мамандардың көмегін сұрайды. Естеріңізге сала кетейік, кәрі құрлық ковбойлары елордаға чемпионаттан екі апта бұрын келіп, жаттығу жұмыстарын жүргізген еді. Команда капитаны Крид Гарник "Біз осындай әдемі ұлттық ойынға қатысатынымызға қуаныштымыз. Көкпар біз үшін ортақ тіл - достық пен сүйіспеншілік тіліне айналады деген ойдамыз" дей келе, көкпардың ұңғыл-шұңғылын Қазақстанға келгенде ұға бастағандарын жасырмайды. Ендігі ниет нағыз мамандардан сабақ алып, нағыз көкпаршы атану. Вайоминг шататының Бозмен, Джексон қалаларында тұратын азаматтар үшін ойынның нағыз ережелерін түйсініп, тәжірибе ретінде іске асыруға отандық мамандардың көмегі орасан. Ал біз өз кезегімізде ұлттық спортымызды әлем деңгейінде дәріптеуге мүмкіндік аламыз. Қазіргі таңда бұл мәселе төңірегінде талқылау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан "Қашаннан жаңалыққа құмар, алда жүретін АҚШ көкпарға кірісетін болса, ойынның бағы жанғанына еш күмән жоқ" деген еді. Ендеше жаңа бастама оң нәтижесін беріп, өз жалғасын жоғалтпасын дейміз!

Құндыз Мәжитова

 

  • Достармен бөлісу:

Пікірлер (0)