03.11.2017, 13:51 Қазақстан құрамасы Әлем чемпионатын 3 медальмен аяқтады

Хорватия астанасы Загреб қаласында дзюдодан жастар арасындағы Әлем чемпионаты аяқталды. Қазақстан жастар құрамасы 3 медальмен жарысты 82 ел ішінде 9-орынмен аяқтады. Жалпы медаль саны бойынша Жапония жастары көш бастап тұр (8 алтын, 2 күміс, 4 қола). Екінші орынға Әзірбайжан дзюдошылары жайғасса (2 алтын, 2 күміс, 1 қола), Ресей құрамасының жастары (1 алтын, 2 күміс, 2 қола) үшінші орынға тұрақтады.

Әлем Чемпионатының алғашқы күнінде Абиба Әбужақынова (44 кг) күміске қол жеткізсе, Бауыржан Нарбаев (55 кг) қола медальға ие болды. Әлем біріншілігінің бірінші күнінде Қазақстан ұлттық жастар құрамасы 1 күміс және 1 қола жүлдемен медаль саны бойынша 5-орынға жайғасты.

44 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде татамиге шыққан Абиба Әбужақынова финалға дейін қарсылас шақ келтірмей, шешеуші белдесуде жапон қызы Нина Кубойға есе жіберіп, жастар арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Ол алғашқы белдесуінде хорватиялық Виктория Ана Пулжизді иппонмен ұтса, екінші белдесуінде ресейлік Владлена Зерщикованы вазаримен, Бельгия спортшысы Лоиз Пэтитті голден скорда вазари ұпайымен жеңіп, жартылай финалға жолдама алды. Жартылай финалда бразилиялық дзюдошы Лаура Феррейраны вазаримен жеңіп, финалға шыққан болатын.

Ерлерден 55 келіге дейінгі салмақта белдескен Бауыржан Нарбаев бірінші айналымда колумбиялық Джонатан Панигауаны вазаримен, екінші белдесуінде Корей Халық Демократиялық Республикасының өкілі Куан Жин Чиді голден скорда вазари ұпайымен жеңіп, ширек финалда ресейлік Адам Исаевты да вазари ұпайымен ұтты. Отандасымыз жартылай финалда грузин балуаны Жаба Папинашвилиге голден скорда есе жіберіп, жұбаныш белдесуінде белдесуге мүмкіндік алды. Қола медаль үшін белдесу қос қазақстандық балуан арасында тартысты өтті. Жұбаныш белдесуінде Бауыржан Нарбаев Дамир Болатбековпен кездесіп, жарыстың негізі уақытында қос қазақстандық балуан тең түскенімен, қосымша уақытта Бауыржан Нарбаев әдіс жасап, вазари ұпайымен қола медальға қол жеткізді.

Дидар Хамза Әлем Чемпионатының екінші күнінде Қазақстан құрамасының қоржынын бір қола медальмен толықтырды.

73 келіге дейінгі салмақ дəрежесінде белдескен балуанымыз алғашқы айналымда румыниялық Лазло Дэвидті, екінші айналымда Сардор Каримовты жеңіп, үшінші айналымда тəжікстандық Эрадж Абдуллаевты вазари ұпайымен жеңді. Ширек финалда Əзірбайжан дзюдошысы Зидаят Хейдаровқа есе жіберіп, жұбаныш белдеуінеге мүмкіндік алды. Жұбаныш белдесуінде молдавиялық Лон Накуды ұтып, қола медаль үшін Геворг Манукянды голден скорда əдіс жасап, таза жеңіске қол жеткізді.

Сондай-ақ, командалық жарыста Қазақстан құрамасы 5 орынға тұрақтады.

Естеріңізге сала кетсек, Хорватия астанасы Загребте 18-22 қазан аралығында жастар арасындағы Әлем чемпионаты өтті. Әлемнің 82 елінен 584 дзюдошы қатысқан әлем біріншілігінде ел намысын 20 жас дзюдошы қорғады.

ҚДФ-ның баспасөз қызметі

  • Достармен бөлісу:

Пікірлер (0)